Баланың балабақшаға бейімделуінің тиімді жолдары

Балабақша – балалық шақтың міндеттелген баспалдағы. Әрине, заман талабына сай әр ата-ана баласын балабақшаға беруге тура келеді.

Балабақша – баланың «жаңа өмірге» деген алғашқы қадамы, себебі енді анасы тәулігіне 24 сағат бойы қасында болмайды және мұнда оны күткен өзі құралпылас балалардан, бала күтушілер мен тәрбиешілерден тұратын үлкен жаңа ұжым бар. Балабақшаға бейімделу кезеңі әр балада әр алуан сипатта өтеді. Қалай болғанда да, ата-анасынан 6-8 сағатқа ажыраудың өзі балаға ғана қиын емес, оның анасы үшін де күйзелісті жағдай. Тәрбиешілер қаншалықты қамқор болса да, олардың ешқайсысы ана махаббаты мен оның айрықша ықыласына бөлендіре алмайды, себебі тәрбиешілер «екінші ата-ана» әрі орта есеппен 15-25 балаға ортақ. Кез келген ана мұны жақсы түсінеді, әйтсе де баланы өмір бойы жаныңда ұстау мүмкін емес, өйткені ол өмірдің жаңа сатыларымен танысып, жаңа дағдылар, өмірлік тәжірибе жинақтауы тиіс. Балабақшаға бейімделу кезеңі бала мен анаға аса ауыр тимеуі үшін, баланың да, оның ата-анасының да балабақшаны ұнатуына көмектесетін қарапайым ережелерді басшылыққа алған жөн.

Ата-аналарға бірнеше пайдалы кеңес:

Баланы бастапқыда балабақшаға бірнеше сағатқа әкеліңіз де, кейіннен біртіндеп толық күнге жеткізіңіз. Мұндай біртіндеушілік қағидасы сәби үшін де, оның анасы үшін де анағұрлым жайлы болмақ.

Баланы балабақшадан алып қайтарда міндетті түрде олардың немен айналысқанын, қандай тамақ ішкендерін сұраңыз, жетістіктері үшін мақтауды да ұмытпаңыз. Бала ата-анасы қасында болмаса да, оларға өз өмірінің қызықты екенін білуі тиіс.

Баланы таңертең балабақшаға әкелген кезде жылдам қоштасып үйреніңіз, бұл істі көпке созбаған жөн, әйтпеген жағдайда бала сіздің абыржығаныңызды сезіп қояды да, сізден айырылғысы келмей қалады.

Әрдайым қасында екеніңізді және мейлінше жақсы көретініңізді бала қашықта жүрсе де сезінуі үшін, оның қалтасына шағын ғана естелік зат салып беріңіз, бұл оның көңіліне медеу болады.

Еш уақытта балаға көрінбей қашып кетуші болмаңыз, өйтетін болсаңыз, ол сізге сенбейтін болады. Қоштасудың өздеріңізге тән әдісін ойлап табыңыздар: беттен сүю немесе мұрындарыңыздың ұшын түйістіру секілді.

Әрине, әрбір бала өз алдына бір әлем, олардың әрқайсысының ыңғайын таба білу керек, алайда тек сүйіспеншілік, шыдамдылық және парасатты оң ықылас қана балабақшаға баруды сүйікті іске айналдыра алады.

Қорыта айтқанда, тәрбиеші, жалпы балабақша ұжымы ата-анамен тығыз қарым-қатынаста, яғни бірлесе жұмыс істесе, балаға тәрбие беріп, қандай да бір нәтижеге қол жеткізе алады.

Г.САҒЫНОВА

Ескерту!

Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.